Ислам дінінің отбасы бақыты үшін белгілеген жолдары
«Кім сендерден бір әйелге (бойжеткенге) сөз салған болса, деді Алланың елшісі (ﷺ), - бұл әйелге үйленуіне қызықтырып тұрған жерлеріне көз салуға шамасы жетсе, қарап алсын»[1].
Ол мүмкін болса, қыздың шырайы мен қолына (білезіктен саусақтарға дейінгі бөлігіне) қарауына болады, ал кейбір ғұламалардың айтуынша, бүкіл денесін де көруіне болады, өйткені хадистің мәтіні сөз салған адам үшін қыздың денесін көруіне шек қоймады, дегенмен бұл істің барысында екі жақтың сезімдеріне кірбің түспеуі аса қадағалануы қажет. Сахабалардың бірі Жәбир, Алла оған разы болсын, бір әйелге сөз салудан бұрын, оны тығылып көретін. Осылайша әркім жарын көруі үшін екінші жақтың сезімдерін жаралап алмайтындай қолайлы жолдарды пайдаланғаны жөн. Қыз да оған қарайды. Нәтижесінде екеуі бір-бірінің бойынан салиқалы отбасын құруға себеп болатын факторлар мен сипаттарды тауып жатса, жүректері орнығып, іс өз мақсатына жетеді. Ал егер бір-біріне ұнамды көрінбесе, онда бұдан кейін екеуі ешқашан көріспеген күйде болулары қажет және араларында болған нәрселер екі жақ үшін де ашылмас аманат күйінде қала береді.
Алғашқы назар екі жақтың көңілдерін бір-біріне не тартады, не қашырады. Ал-Муғира ибн Шуғба, Алла оған разы болсын, айтады: Бір әйелге сөз салған едім. Сонда Алланың елшісі (ﷺ) маған: «Сен оған қарадың ба?»-деді, мен оған: «Жоқ»-дедім, ол: «Дереу барып оны көр, өйткені отбасы өмірлерің әрдайым жақсылықта болуы үшін, осылай дұрысырақ болады»-деді[2].
Пайғамбарымыз (ﷺ) айтады: «..Алла Тағала жандарды (табиғаттары мен қалауларын, ізденістері мен мақсаттарын) әртүрлі етіп жаратып жердің бетіне шоғырландырды, бір-бірімен жарасқандары бірігеді, ал жақтырмағандары ажырайды»[3].
Осы хадисті негізге ала отырып мынадай тұжырымға келеміз, егер екі жақтың көңілдері бір-біріне тартпаса, тіпті діні мен мінезі жақсы болсын, үйленбегендері дұрыс. Өйткені мұндай қосылудың пайдасынан гөрі зарары көп болады. Ал енді көңілері бір жерден шығып, табиғаттары үйлесіп жатса, жүректері бірігіп екі жақ арасында махаббат сезімі оянады. Кейін бұл махаббаттың артуы өзара түсінісу мен өзара мейірімділікке негізделген көркем арақатынаспен жүзеге асады.
Алла Тағала құран кәрімде айтады: «Оның белгілерінен жандарыңа жұбаныш болулары үшін, сендерге өздеріңнен жұбайларыңды жаратуы, сондай-ақ араларыңа сүйіспеншілік пен рақымдылықты ұялатуы»(«Рум» сүресі: 21).
Бір кісі пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: Біздің арамызда бір жетім қыз бар, оған сөз салғандардың біреуі ауқатты адам, ал екіншісі - кедей адам. Біз болсақ оны ауқатты адамға бергіміз келеді, ал қыздың өзі кедей адамды қалайды,-дейді. Сонда пайғамбарымыз (ﷺ): «Бір-бірін сүйгендер үшін, некеге отырудан орындырақ шешім көрінбейді»-деп жауап береді[4].
Шынайы махаббат сезімінің арқасында олардың әрқайсысы бір-бірі үшін құрбан болуға әзір тұрады және опалы болады, кемшіліктерін кешіреді, міндеттерін атқаруда өзара қолдау көрсетеді, әрдайым бір-бірін бақытты етуге асығады. Осылайша олар дүние тіршіліктерінде шаттыққа бөленіп, ақиретте Раббыларының разылығына қол жеткізеді. Исламның талабындағы таза махаббат жақсылыққа ғана жетелейді. Алла Тағала құран кәрімде айтады:«Алланы жақсы көретін болсаңдар, дереу маған ілесіңдер»-де («Әли Ғимран» сүресі: 31).
Дайындаған: muftyat.kz