«Анаға құрмет - адамзатқа міндет!»

Алматы қаласы: «Анаға құрмет - адамзатқа міндет!»

Наурыздың сегізі күні Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің ұйымдастыруымен ақжаулықты әжелермен ардақты аналарға құрмет көрсету мақсатында «Анаға құрмет - адамзатқа міндет!» атты рухани-танымдық шара өтті. Маңызы айқын, танымы терең, өнегесі мол рухани шараға ауданның игі жақсыларымен мешіттің әйел жамағаттары қонаққа шақырылды.

Аналарды ардақтау – бір күндік мерекелік құттықтаумен шектелмейді. Күн сайын алақанға салып, құрметтеу – әрбір перзенттің парызы. Рухани кештің басты мақсаты – осыны жеткізу. Шараны ашқан Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы Орынбасар қажы Дәуренбеков ислам дініндегі ананың орны тақырыбында сөз қозғады. Аят-хадистерде нәзікжандылардың қаншалықты құрметке ие екенін айтып, пайғамбардың өзі аналарды ардақтағанын, оларға жалғыз күнді арнамағанын және перзент анасына күнде құрмет қылғанда ғана, жәннатқа ие болатындығын тұщымды уағызбен жеткізді. 

Сондай-ақ исламтанушы Қуат Қабдолда жиналған әйел жамағатына исламдағы ардақты аналар жайында насихат айтты.

Тарихымызда ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылуда қазақ қыздарының ерен еңбегі көп. Әлі де саналы ғұмырын басшылық қызмет пен халыққа арнап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген аналарға ел іші кенде емес. Ақжаулықты аналарымыз жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысты жақсы ойлары мен ақыл-кеңестерін айтып, аудан имамына ерекше алғыс білдірді.

Ақылдылығы мен асылдылығы, батырлығы мен батылдығы күллі әлемді мойындатқан қазақ әйелдерінің таза да тұнық болмысы – тектілігіміздің айнасы. Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ана – адам бойында қалыптасатын күллі адамдықтың негізі. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұмақ – аналардың аяғының астында», - деп өшпес сөз қалдырды.

Шара соңында бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен әзіз аналарға мерекелік дастархан жайылып және мешітімізде діни сауат ашу курсына қатысқан әйел жамағаттырына арнайы сертификаттар табысталып, мешіт атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Алматы қаласы, Алатау аудандық
«Бекет-ата» мешітінің баспасөз қызметі

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
6 лет назад 3248
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир