Бас мүфти: МҰСЫЛМАНДЫҚ ТІЛДЕ ЕМЕС, ДІЛДЕ БОЛУ КЕРЕК!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

МҰСЫЛМАНДЫҚ ТІЛДЕ ЕМЕС, ДІЛДЕ БОЛУ КЕРЕК!

 

«Қағбаны өз Иесі құтқарады»

 Бүгінгі қоғамда діни ахуал төңірегіндегі шиеленістер Құдай жолы мен дін ісін ажырата алмай дағдарысқа түсудің көрінісі іспетті. Бұл исламның рухани әлеміне «жүрек көзімен» қайта қарауға белгілі бір деңгейде кедергі келтіріп отырғанын аңғартып тұрған жоқ па?

– Өмірде әр нәрсенің өз иесі бар. Ал Исламды қорғап, оны ақыретке дейін сақтап тұратын Иесі, сөз жоқ – Алла Тағала. Алла Исламды жоқтайтын жандарға немесе оны насихаттайтын адамдардың амалына мұқтаж емес. Дініміздің тарихын еске алайықшы. «Піл оқиғасын» жақсы білеміз. Кезінде Йемен патшасы Абраһа әскерімен келіп, Меккені, қасиетті Қағбаны қиратпақшы болғанда пайғамбарымыздың атасы Әбдімүтәліп Абраһамен кездеседі. Өйткені, патшаның әскерлері оның малын тартып алған еді. Сонда Әбдімүтәліп: «Түйелерімді қайтар», – дейді. Әуелі елдің емес, малдың қамын күйттеп барған ақсақалдың бұл сөзіне патша мен оның шабармандары қарқ-қарқ күледі. Қария оларға былай жауап береді: «Мен сол түйелерімнің иесімін. Малды құтқаруға мен міндеттімін. Ал Қағбаны оның өз Иесі құтқарады», – деп Алла Тағаланы меңзейді. Сөйтіп, адамзат баласы бұрын-соңды көрмеген әбәбіл құстары төбеден қатты әрі ыстық тастарды Абраһаның әскеріне қарша боратады. Қағбаны қиратуға келген сарбаздар оған жетпей, Қағбаның Иесінен жазасын алып, өздері сол жерде қырылып қалады. Егер Құрандағы «Піл» сүресінің қазақша мағынасын оқып көрсеңіз, осы оқиға баяндалған.

Бұл мысалды не үшін айтып отырмын? Адамзат баласы қанша жерден Исламға қаскөйлік жасаса да Алла Тағала әу баста әлсіз етіп жаратқан, ақыл-есі шектеулі пенделерінің арам пиғылын жүзеге асырмайды. Ешкім, ешқашан құдіреті шексіз Жаратушымыздың соңғы дініне кедергі келтірген емес, келтірмейді де. Сіздің сауалыңыздың төркінін түсініп отырмын. Әрине, Ислам атын жамылған дінбұзарлардың әрекеті қоғамға теріс әсер етпей қоймайды. Қазіргі ақпараттың аласапыран уақытында адамдар діни қақтығыстар туралы теледидардан көргеніне, діни білімі жоқ адамдардың сөзіне ереді, соған иланады. Астарына үңіліп, ізденіп, саралап, ой жүгіртіп жатпайды. Исламды саяси құрал ретінде пайдаланып, жеке басының немесе топтың мүддесін ойлап, асыл дініміздің абыройына нұқсан келтіріп жатқандарды Аллаға тапсырамыз. Бізге Әбдімүтәліптік көзқарас қажет деп жатқанымыз осы. Алла әркімге өз ниетіне орай сыйын немесе «сыбағасын» береді.       

 

Ағым деген – ағып өте шығатын құбылыс... 

– Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті, дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисін Құранды «теріс оқитын» жастардың санасына қалай құюға болады? «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…», деген қасиетті Құран Кәрімнің санамызға сәуле құятын тағы бір аятын түйсігімізбен қаншалықты түсіне алып жүрміз?

 Орта жолды ұстану – пайғамбар сүннетінен. Біз дінде орта жолды ұстанатын байсалды, зиялы, патриот, елге жанашыр, ең бастысы иманды ортаны қалыптастыруымыз қажет. Бұл – Діни басқарманың ғана жұмысы емес, барлық мекеме жетекшілеріне, зиялы қауым өкілдеріне, журналистерге, жалпы ұрпақ болашағына алаңдай білген әрбір азаматқа ортақ асыл міндет.

Ағым деген аты айтып тұрғандай, ағып өте шығатын құбылыс. Ислам тарихына қарасақ, қанша ағымдар болды. Қадарилер, жәбрилер, жәһмилер, исмайлиттер, баһаилар, муғтазилә ағымдары... Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады. Осы ағымдар сол кезеңде қоғамда бүлік шығарып, мұсылмандар арасында талас тудырғанмен, уақыт өте келе өміршеңдігін жойып, идеологияларында мән қалмады. Қоғамға қажет емес идеология түптің түбінде маңызын жояды. Әрине, әрбір бүліктің зардабы болатынын ұмытпауымыз керек.

Енді өзіміздің қоғамға келейік. Дінде шалыс басқан бауырларымыз қайдан пайда болды? Мұның салдары қайсы? Бұл сауалға әркім әртүрлі жауап беретін шығар. Алайда біз өзгені айыптаудан бұрын, жауапкершілікті өзімізден бастауымыз қажет. Тәуелсіздік алған жылдары діни тәжірибеміз де аз болды. Балаға жөн сілтеп, дін үйренгісі келсе, бағыт-бағдар беретін ата-аналардың қауқары қандай болғаны баршамызға белгілі. Онымен сырласатын, рухани әлеміне үңіліп, ақыл-кеңес айтатын педагог-психологтар да тым аз болды. Бұған дін қызметкерлерінің тапшылығы мен білімді имамдардың санаулы болғанын қосып қойыңыз. Ақыл айтар дуалы ауыз ақсақалдың азаюы, керағар діннің зиянынан сақтандырып, үлкен мінберлерде сөз бастайтын зиялы қауым өкілдерінің саусақпен санарлықтай аз болуы Сіз айтып отырған жат құндылықтармен сусынданған, жат діни ұғым мен көзқарасқа алданған жастардың пайда болуына әсер етпей қоймады. Былайша айтқанда, біз діни салада ұстазға мұқтаж болған «шәкірт» сынды болдық. Қазір ғой, Құдайға шүкір, солқылдақ деп жүрген діни бірлестіктер туралы 2011 жылы қабылданған заңымыз, Шал ақын: «Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, Жоламас ешбір пәле шайтан-пері», – деп жырлағандай, талапты күшейтіп, жат ағымның жоламауына тосқауыл қойдық.

Елбасының қамқорлығымен діни тәжірибеміз де күннен-күнге артып, Діни басқарманың жұмысы жанданып келеді. Қазір діни білімі мен тәжірибесі мол теолог-ғалымдар тобы қалыптасты.      

 

Олар кім үшін, не үшін соғысып жүргенін білмейді... 

– Біздің білуімізше, еліміздің дін саласындағы 30 білікті маманнан құралған 6 топ биылғы жылы барлық өңірде кездесу өткізіп, 125 817 адамды қамтыған уағыз жұмыстарын жүргізген екен. Жыл соңында Діни басқарманың Төралқа мәжілісінде өткен жылы 802 азаматтың жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізге қайтып оралғанын мәлімдедіңіз. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 550-ді құраған екен. Халықтың діни сауатын арттыру жолындағы мұндай шаралардың маңызы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз. 

 Алла Елшісі хадис-шарифінде: «Дін – насихат», – деген. Құранның тым болмағанда бір аятын, пайғамбардың бір сөзін өзгеге жеткізу – мұсылманның міндеті. Сол жат ағымның арбауымен Сирия асып, қару асынып, кім үшін, не үшін оқ атып жүргенін білмейтін жандар соқыр сенімнің, теріс идеологияның, әлемдік саяси мүдделердің құрбанына айналуда. Мұсылмандықты айдаладан емес, айналадан іздеу керек. Махамбетше айтқанда, «мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» немесе Бұхар бабамыз жырлағандай, «діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?» деген ой келеді. Сондықтан мұсылмандық тілімізде емес, ділімізде болу керек.    

Демек, басты мәселе – білімсіздікте жатыр. Дінді біліммен емес, сезіммен түсінген олар, тіпті Исламның қарапайым қағидаларын білмейді. Ислам – білімнің, даналықтың, мейірімділіктің діні екені баршаға белгілі. Олар Сіз бен біздің бауырымыз емес пе? Бірімізге іні болса, бірімізге бала, біреудің көршісі, ағайын-туысы. Оларды әуелі айыптауға асықпай, қоғамнан шеттетпей, жанына, рухани әлеміне үңілейікші. Ахаңның: «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!» – дейтіні бар емес пе? Оларды біз бауырымызға баспасақ, ешкім өзіміздей қамқор бола алмайды. «Әр қазақ менің жалғызым», – деген принцип керек.   

Діни сауат ашудың маңызы туралы сауалыңызға тоқталайын. Мүфтияттың негізгі жұмыстарының бірі де бірегейі – халықты діни  сауаттандыру, жұртымызды жақсылыққа жұмылдырып, имандылыққа, бірлікке, ізгілікке ұйыту.  

Жуырда еліміздің діни саласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, республикалық ұстаздар қауымы, жалпы жамағат үшін тарихи оқиға болды. Бұл оқиғаны тарихи сәтке балап отырғанымыздың да өзіндік мәні мен мағынасы бар. 2015 жылдың 24 қарашасында Алматыда «Нұр Мүбәрак» университетінде өткен республикалық конференцияда Діни басқарманың тарихында тұңғыш рет 2020 жылға дейінгі діни білімді дамыту Тұжырымдамасын қабылдадық.

 

Тұжырымдама – бағдаршам іспетті басты бағдарымыз... 

 Бұл құжаттың мақсаты не? Ол қандай қажеттіліктен қабылданды?

 Тұжырымдаманы қабылдаудағы мақсатымыз – халқымыздың діни, рухани қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, көп деңгейлі, алуан пішінді үздіксіз діни білім берудің үлгісін, тұтас ислами оқу кешенін қалыптастыру.

Бұл Тұжырымдама – діни білім беру жүйесі бойынша бағыт-бағдарымызды айқындайтын, жолымызды көрсететін бағдаршам іспетті басты стратегиялық құжатымыз.

Тарихтан белгілі, Исламды жүрек қалауымен қабылдаған халқымыз діни тәрбие мен діни білім беру жүйесін ғасырлар бойы атадан балаға мирас етіп қалдырып, өнегелі өмір салтын қалыптастырған. Қазақ жерінде пайда болған діни білім беру жүйесі жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілері арқылы дамыды. 

Ірі қалаларда бой көтерген медреселер қызметі, көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарады. Дін жанашырларының, бүгінгі сөзбен айтқанда, меценаттардың қамқорлығымен ел ішінде сауатты молдалар діни білім беріп, бала оқыту арқылы халықтың сауатын ашты. Осылайша, қарапайым қазақ балаларынан бастап, аты аңызға айналған тұлғаларымызға дейін хат танып, сауатын көтерді.

Халқымыздың біртуар перзенттерінің, ақын-жазушыларының өмірбаянымен танысқанда: «Әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған», – деген деректерді кездестіреміз. Бұл көрініс сол кездегі дін қайраткерлерінің қабілеті мен қоғамдағы ықпалын, өзіндік орнын айқын аңғартады. Біз бүгінде имам-молдалардың, жалпы дін қызметкерлерінің осы межеден, осы деңгейден көрінуін талап етеміз.

– Бұл бағытта нақты қандай шараларды қолға алдыңыздар?

– Бүгінгі таңда ҚМДБ-ның құрамында 545 жоғары білімді, 797 орта білімді азаматтар қызмет етуде. Діни қызметкерлердің білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында арнайы курстар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру Ислам инстиутында 2015 жылғы 2 айлық курста 242 имам білімін жетілдірді. Сонымен қатар, имамдардың білімін жетілдіру бойынша еліміздегі 5 медереседе (Павлодар, Тараз, Шымкент, Сарыағаш, Ақтөбе) 3 күндік, 7 күндік, 10 күндік оқу курстары ұйымдастырылды. Оған жер-жерден 1214 имам-молдалар қатысты. 

Аллаға шүкір, ХХІ ғасырдың тәжірибелі, іскер, діни саланың жұмысын даналық жолмен дамытып келе жатқан білікті имамдар корпусы қалыптасты.

Діни білім беруді жетілдіруге арналған тарихи құжатымыз имамдардың да жан-жақты дамуын, қоғамның рухани сұранысын толық қанағаттандыра алатын қабілетке қол жеткізуін көздейді. Мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия, Татарстан мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады.   

 

Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді... 

– Еліміздегі діни оқу орындарына медресе-колледж деген мәртебе берілгенінен хабардармыз. Діни білім саласына жасалған бұл реформаның артықшылығы неде? Медресе-колледжді бітірген шәкірт зайырлы қоғамда, мемлекеттік мекемелерде қызмет ете ала ма?

– Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім.

– Кейде діни білімі жоқ азаматтар осы саладағы мәселелерге қатысты пікір білдіріп, тіпті пәтуасын да беріп жатады. Бұл қаншалықты орынды? Бұған не дейсіз?

– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Мұндай үрдіс көрініс тапқаны рас. Дін ғалымы, Ислам ғұламалары айтуы тиіс мәселелер мен пәтуалар бойынша кейбір азаматтарымыз өз ойын алға тартып, ел арасында түсінбеушілік тудырып, діни бүліктерге жол ашып жатқаны жасырын емес.

2013 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ғұламалар Кеңесі құрылды. Кеңестің құрамында 17 ғалым жұмыс істейді.  Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындап отырған көкейкесті, түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығарып, пәтуалар мен концептуалды құжаттар қабылдау. 

Кеңес құрылғаннан бастап пәрменді мекеме (орган), институт болып қалыптасты. Кеңестің бүгінгі күнге дейін өткен 9 отырысында 80 мәселе қаралып, 10 концептуалды құжат қабылданып, 30 діни термин түзетіліп, 57 мәселе бойынша шешім шығарылды. Жалпы 28 пәтуа бекітілді. Кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілген «шариғи», «әлеуметтік», «медицина», «отбасы мәселелері» бағытындағы 19 пәтуа таңдалып, «Пәтуа жинағы» деген кітап шығардық. Сондықтан пәтуаны арнайы ғалымдар шығарады.

 

Бір жылда 48 000 адам сауат ашты... 

– Білім дегеннен шығады, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа дегенді естіп едік...

– Иә, бұл – әйгілі сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің айтқан сөзі. Ол кісі былай деген екен: «Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық, оны талап ету – құлшылық, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа, оны лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыз кезде – серігің, демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жәннат жолындағы шамшырақ». Білім – адамның мінезін көркем ететін ұлы нығмет. Ал Алла Елшісі: «Білім алу – мұсылман ер мен әйелге парыз», – деп айтқан.

Ұлтымыздың арда азаматы Ахмет Байтұрсынұлы бір өлеңінде:

«Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
...Солардың қатарында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған», – деп, білімді өзгелерге үйретудің, ізгілікті жаюдың артықшылығын жырлаған.

Ендеше, еліміздің Бас газеті «Егемен Қазақстан» арқылы бауырларымды, барша азаматтарды ел игілігі жолында, жастарға дұрыс діни білім беру, жалпы иманды қоғам құруда бірлесе қызмет етіп, ізгі істерге атсалысуға шақырамын.

Қазір Құдайға шүкір, мүфтиятқа қарасты 20-дан астам танымдық-ғылыми, діни сайттарымыз қызмет етіп келеді. Бұдан бөлек газет-журналдарымыз, жүйелі шығып жатқан кітаптарымыз бар. Мешіттерімізде діни сауат ашу курстары тұрақты жұмыс істеуде. 2015 жылы осы курстарымызда 48 000 адам сауат ашты. Діни білім алам деген адамға барлық мүмкіндік бар.

 

Өз үйіміздің «квартирантына» айналдық... 

– Сіздің ойыңызша, діннің өмір сүру формасы деген не? 2014 жылы «Дін мен дәстүр» деген тың бастама көтерген едіңіз. Діннің өмір сүру формасы дегенді сіздің осы бастамаңызбен байланыстыруға бола ма?

 Ислам – екі дүние бақытының кілті. Әуелі Алланың қалауымен, Оның нәсіп еткен ақыл-ойдың артықшылығымен адамзат баласы өзіне қажетті нәрселерді игілігіне жаратып келеді. Қарапайым мысал айтайын. Күнделікті мініп жүрген көлігімізге қажетті жанармай орнына су құйып жіберсек не болады? Жол ережесі сақталмаса соңында қандай оқиғалар орын алатынын онсыз да саналы түрде сезінеміз. Әке әкелік міндетін атқарып, балаға рухани тәрбие бермесе, ана аналық парызын орындап, мейірімін төкпесе, бала ата-ананың қамқорлығын сезінбесе, үлкендерге құрмет көрсетіп, батасын алуды үйренбесе, онда сол отбасының ойраны шықпайды деп кім айта алады? Кейбір қарындастарымыз болмашы тұрмыстық сынаққа сабыр ете алмай, бауыр еті баласын тірідей далаға тастап, болмысымызға жат мінез танытып жатқаны жанымызға батады. Қыздарымыздың 11 сыныпты бітірмей жатып, ерте жүктілікке тап болатын жағдай қазіргі қоғамда үлкен мәселеге айналды деуге болады. Жастарымыз асығыс шешім қабылдауға бейіл тұрады. Неге? Мұның себеп-салдарын айтқанда, қайтадан сол тәрбиені, имандылықты, ізгілік пен сенімді тағы сөз етеміз. Шығыс даналығында: «Бос арбаның сылдыры көп», – деген сөз бар. Тамыры терең тартпаған талдың да жел шайқаса құлауға шақ қалатыны секілді, тұла бойы иманға толмаған адамның ғұмыры баянсыз болады. Қаладағы кейбір ата-аналарымыз уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді. Былайша айтқанда, өз үйіміздің «квартирантына» айналдық. Әрине, ақша кімге қажет емес. Бәріне керек. Алайда үйдегі баланың тәрбиесі одан да маңызды екенін әбден ескеруіміз тиіс.   

Өткен жолы ақпарат құралдарынан сәбиін көлікте босанып, далаға тірідей лақтырып жіберген қарындасымыз туралы қайғылы хабарды мен де естідім. Денем тітіркеніп, ұзақ мазасыз күй кештім. Әрине, өкінішті жағдай. Қызды қырық үйден тыя білген халықпыз ғой. Баяғыда бойжеткен қыздар отбасын құру туралы анасымен, жеңгесімен сырласатын. Қазір бұл үрдіс азайып барады. Өкінішке қарай, ұл-қыздарымыздың тәрбиесі екінші орында қалып қойды. Баласын тірідей өлімге қиған сол қарындасымызға қаражат, киім, баспана, тағы басқа нәрсе жетпей жатыр деп айта алмас едік. Жастарымызға жетпей жатқаны – рухани азық, иман, тәрбие.

Мұны неге қайталап айтып отырмын. Бұл ойлар Сіздің сауалыңыздан туып отыр.

 

Дінді ұстану – қол жетпес сағым яки арман емес... 

Біз кейде дін деген ұғымды мешіт, намаз, ораза, садақа, Құран бағыштау, Құдайы ас беру деген амалдармен шектеп қоятын секілдіміз. Жоқ, олай емес. Ислам – әрбір пендеге адам деген атқа лайық өмір сүруді үйрететін соңғы дін. Абайдың: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – дейтіні бар емесе пе? Ата-анаңызға қамқорлық жасауыңыз, жолдасыңызға жақсы жар болуыңыз, бала-шағаға үлгілі әке, ана болуыңыз, көршімен, туған-туысқандармен көркем қарым-қатынас орнатуыңыз, адал табыс табуыңыз, мемлекеттің мүлкіне «аманат» деп қарауыңыз, тым болмағанда өзгеге жылы шырай танытуыңыз, міне осылардың жиынтығы – дін. Дінді ұстану қол жетпес сағым яки арман немесе біз ойлағандай ауыр іс емес. Әрбір жақсы амалда діннің бір талабы жатыр. Бүгін бір жетімді қуанттыңыз, жолда кетіп бара жатып, қарияның қолтығынан демеп, ауыр сөмкесін көтерісіп жібердіңіз, қоғамдық көлікте оған орын бердіңіз, таңертең ерте тұрып, Аллаға тәуекел етіп, адал жолмен бала-шағаңыздың нәпақасын, ризығын тауып келдіңіз, жолдасыңызға жақсы сөз айтып, сүйіспеншілігіне бөлендіңіз, балаңызды еркелетіп, оған бір сәт көңіл бөліп, ойнаттыңыз, жақсылыққа тәрбиеледіңіз, науқастың көңілін сұрадыңыз – демек Сіз діннің талаптарын орындап жатырсыз. Сонымен қатар, ниетіңізге орай екі дүниенің игілігіне бөленетін сансыз сауап алып жатырсыз. Діннің өмір сүру формасы дегеніміз – осы. Аллаға ұнамды әрбір сөз, амал – садақа, сауап. Өзімізге қалаған нәрсені өзгеге де қаласақ – онда біз Алла Елшісі айтқандай, иманы толық мұсылман болғанымыз.

Ал біз көтерген «Дін мен дәстүр» идеясының мақсаты – дінде жоқ, бірақ шариғат қолдаған халық арасында дәстүрге айналған салтымызды жаңғырту, Кеңес кезінде асыл дініміздің сақталып қалуына ықпал еткен күш – дәстүрімізді дамыту, әдет-ғұрпымызпен бітеқайнасқан Исламды насихаттау. «Дін мен дәстүр» бастамасы – зайырлы қоғам мен жамағат арасында алтын көпірге айналды деуге болады.   

 

Біз көпшіліктің жолын ұстанған үмбетпіз... 

– Бүгінде қатары күннен күнге көбейіп келе жатқан дәстүрлі емес діни ағымдар қоғамға қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, өзге ағымның жетегінде жүрген, солардың «идеяларын» жамылған кейбір азаматтар дәстүрлі Исламның құндылықтарын аяққа таптап, наным-сенімге селкеу түсіруде, оның үстіне отбасы құндылығы мен ақ некені «ойыншыққа» айналдырып жүр. Осындай кері құбылыстың алдын алу бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Жалпы, отбасы құндылығы туралы не айтар едіңіз?

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шын мәнінде менен кейін өмір сүргендер көптеген қайшылықтар (ихтиләф) көреді. Сондықтан менің және тура жолмен жүретін әділетті халифалардың сүннетін ұстаныңдар. Мұны азу тістеріңмен ұстаныңдар және бидғаттан(бүліктен) сақтаныңдар, себебі әрбір бидғат – адасу», – деген.

Әрбір мұсылман елдің пәтуа шығаратын мүфтияты, ғалымдары болады. Бұл мәртебелі құқықтық міндет – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген. Сондықтан елімізде кез келген діни сауалға, діни мәселеге мүфтият жауап береді, пәтуасын шығарады. Осы бағытта арнайы www.fatua.kz сайтын ашқанбыз. Сайтқа күн сайын 20-30 сауал түседі. Оған ғалымдарымыз жан-жақты жауап беруде. Айтайын дегенім – егер дінде түсінбеушілік немесе сауал туындаса, www.fatua.kz сайтына жолдауға болады немесе мешіт имамдары жауап береді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың көрініс табуына бірден-бір себеп – жастарымыздың интернет арқылы өзге елдердің «шейхтарын» тыңдауы, солардың сөзін басты орынға қоюы. Біздің дәстүрлі дінімізден, әдет-ғұрпымыздан, қазіргі жағдайымыздан, зайырлы заң талаптарынан, мүфтияттың ұстанған бағытынан хабарсыз шетелдегі «шейх» алданған кейбір жастардың «піріне» айналды. Қазақстандағы діни ахуалды білмейтін адам қалайша пәтуа бермек? Осыдан кейін түсінбеушілік туындайды. Әрине, Ислам барша адамзатқа, мұсылманға ортақ. Алайда әр мұсылман елде Исламның құқықтық діни мектебі, жолы қалыптасқан. Біздің діни жолымыз, ұстанған бағытымыз – Әбу Ханифа мәзһабы. Бір мәзһабты ұстанған мұсылман қауымының берекесі артады.  

 Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Әбу Зарр (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген.

 

Өзгенің тағдырымен ойнау – опық жегізеді... 

Отбасы құндылығы туралы айтсам, шаңырақтың шайқалмауы – көбінде ер кісіге байланысты. Ер кісі – әйелдің, отбасының қорғаны. Ер бұзылса – отбасының ойраны шығады, әйел бұзылса – ұлт күйрейді. Әйел, бала-шаға – Алланың аманаты. Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырса, пайғамбар хадисінде: «...ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар», – деген.

Балаға жақсы әке болғысы келгендер, әйеліне жақсы жар болуды қалайтындар пайғамбар өмірінен ғибрат алсын. Алла Елшісі асыл жарына әрдайым қамқорлығын көрсетті, еркелетіп, сүйіспеншілігін білдірді, әрдайым қорған болды.

Ақ некені «ойыншыққа» айналдырып, біреуге қыз, біреуге әпке-қарындас болған әйелге себепсіз талақ айтып, оның өмірімен, тағдырымен ойнағандар осыны өзінің бауырына, қарындасына қалай ма екен? Әрине, жоқ! Өзгенің тағдырымен ойнау – опық жегізеді. Онда өз қарындасының өзгеден қорлық көруін қаламайтын кісі өзгенің қарындасын қорлауға жол бермесін деп кеңес бергіміз келеді.                

 

Шетелдегі жастар – біздің назарымызда... 

– Діндегі ең нәзік мәселе - теология саласы. Ол кез келген ұлттық салт-дәстүрдің, әр ел руханиятының іргетасы. Сондықтан, кейбір мамандар: «Теологияны шетелден оқып келу сенімсіз. Ең тәуірі, отандық оқу ошақтарын қалыптастыру қажет» дегенді алға тартады. Себебі, Қазақстан азаматтарының білім алу мақсатында шетелдерге шығуы үйреншікті жайтқа айналды. Алайда, бұл жерде жастардың шетелдердегі теологиялық оқу орындарында білім алу тетіктерін реттеу қажеттігі туралы мәселе де күн тәртібіне шығатын секілді. Қазір бұл бағытта  сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір іс-шаралар қолға алынып, талап-ережелер енгізіліп жатыр ма?

– Халқымыз: «Ел болам десең бесігіңді түзе», – дейді. Діни басқарма азаматтарымыздың шетелдегі дәстүрлі теологиялық оқу орындарында дұрыс білім алып, елге келген соң дініміздің дамуына, халқымыздың бірлігі мен игілігі жолында қызмет етуін құптайды. Алайда ҚМДБ-ның келісімін алмай, өз бетінше діни оқу орындарына түскен азаматтар бар. Діни көзқарасы толық қалыптаспаған, алғашқы теологиялық білім алмаған жас жігіттердің шетелде оқып, сол жақтың діни көзқарасы бойынша пікір таратып, бүлік тудырғаны жасырын емес. Қазір бұл мәселені қолға алып, екі жақты келісім бойынша оқуға түскен шәкірттердің білімін, тәрбиесін қадағалап, бақылау, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Өткен жылдың сәуір-мамыр айларында мүфтият қызметкерлері Мысыр, Түркия және Сауд Арабия Королдігінде оқып жатқан студенттермен кездесіп, оларға түсіндіру шараларын жүргізді. Мақсатымыз – азаматтарымыздың радикалды ағымдардың тобына еніп кетпеуін қадағалау, өз елімізде діни білім алуға қызығушылығын арттыру.   

 

Шетелде емес, өз елімізде діни білім алуға мүмкіндік мол... 

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасындағы келісім негізінде Египетте жалпы саны 96 қазақстандық студент теологиялық білім алып жатыр екен. Жалпы, діни сауатын шетелде ашып келетін мамандарымыздың біліктілігіне қандай да бір зерттеу жүргізіле ме?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасында жасалған екіжақты келісім – діни оқу-ағарту саласы бойынша жасалған жұмысымыздың жемісі деп айтуға болады. Демек, Қазақстан азаматы ҚМДБ-ның рұқсатынсыз Мысырдағы әл-Азһар университетіне оқуға қабылданбайды. Бұл бастама бізге шетелге оқуға түсуге ниет білдірген әрбір азаматпен жеке сұхбат жасап, оған қажетті кеңес беруге мүмкіндік берді.

Қазір өз елімізде діни білім алуға мүмкіндік мол. «Нұр Мүбәрак» университетінің техникалық базасы жетілген. Оқытушы-ғалымдар құрамында докторлар, профессорлар бар. Әл-Азһардың ғалымдары «Нұр Мүбәрак» университетінде дәріс беруде. Демек, Мысырға бармай-ақ, өз елімізден білім алуға барлық жағдай жасалған. Бүгінде «Нұр Мүбәрак» университетінде 8 адам докторантураны, 75 студент магистратураны, 808 адам бакалаврды бітіріп, ғылыми дәрежесін алып, еліміздің діни оқу орындарында, мешіт-медреселерде қызмет етіп жатыр.          

 

«Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» жобасын қолға алдық... 

 Ал имамдардың сауатын көтеру қажеттігі жөнінде не айтасыз?

– Имам-молдалардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – біздің басты назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруды талап етеміз. 2 жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын қайта аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. 2015 жылы елордамыз Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру. «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.

Бұдан бөлек, діни кадрлар әлеуетін арттыру мақсатында өткен жылдың наурыз, сәуір және мамыр айларында араб тіліне жетік, білімді 5 имамды Мысыр еліндегі «әл-Азһар» университетіндегі 3 айлық білімін жетілдіру курсына жібердік. 2015 жылдың қазан айында Түркия мемлекетінің Бурса қаласына 2 айлық діни білім жетілдіру курсына 26 имам жіберілді. Мәскеу қаласындағы Ислам институтында 10 имам семинарға қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Қараша айында бауырлас Түркия елінің «Хасеки» оқу орнына 6 айлық дайындық курсына «Нұр-Мүбарак» университеті мен медресені тәмамдаған 31 шәкірт жіберілді. Мұның бәрі имамдардың білімін жетілдіру бағытында қолға алынған шаралар. Құдайға шүкір, қазіргі заманға сай білімді, тәжірибелі, іскер имамдар тобы қалыптасты.    

 

Мақсатымыз – діни қабілетті, байсалды, зиялы ортаны қалыптастыру... 

 Исламның «алтын орта» ұстанымы, «алтын ортаны іздеу» жөнінде қандай ой-пайым айтар едіңіз?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Бұл туралы сұхбат барысында да айтып өттім.  

Мүфтият мұсылман үмбетінің басым көпшілігіне ортақ сенім ұстанымдары мен шариғат шарттарын уағыздайды. Сенім, иман мәселелерінде имам Матуриди ақидалық мектебінің жолын ұстанады. Демек еліміз үшін Исламның «алтын орта» ұстанымы ол – Әбу Ханифа мәзһабы.

 Бір сұхбатыңызда Орта азиялық діни мектептің рөлін арттыру қажеттігін айтыпсыз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз.

 Аллаға шүкір, біз әлмисақтан бері мұсылманбыз. VII ғасырда Орталық Азияға, оның ішінде қазақ топырағына жеткен Ислам сол дәуірден бері халқымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді. Асыл діннен қуат алған халқымыз өркениет жолына қадам басты.

Мың жылдық тарихы бар, Ұлы даланы мекендеген, ежелден келе жатқан жұртымыз орта ғасырларда әлемдік қарым-қатынастан да шет қалмады. Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасады. Сол замандарда өркениеттен қол үзбей, тегі мен тарихын жаңғыртты. 

Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінде орналасуы халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Алысты жақын етіп, Орта Азия мен Еуропаны байланыстырған осынау сауда жолының бойында орналасқан тарихи қалаларда әсем мешіттер мен кесенелер бой көтерді.

Исфиджаб, Тараз, Отырар сынды ежелгі қалалардан шыққан ғұламалар Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұни сынды ғұламалар ғылыми жаңалықтар ашты, әлемдік білім мен ғылымның негізін қалады. Аты аталған тұлғалар бүгінде күллі мұсылманның мақтанышына айналды. Олар біздің байырғы бабаларымыз. Біз мұны мақтан тұтамыз.

2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізді. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда Қарар қабылданып, Үндеу жарияланды. Форумда Діни басқарманың Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастамасын ғұламалар бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алады.

Біздің мақсатымыз – діни қабілетті, байсалды, білімді зиялы ортаны қалыптастыру, жастарды жақсылыққа тәрбиелеу.

Осы бағытта дәстүрімізге, болмысымызға жақын Орта азиялық діни мектептің рөлін арттыруымыз керек деп санаймыз. Дала халқының болмысымен, табиғатымен бітеқайнасып кеткен мектеп Орта Азия мұсылмандарын ортақ мақсатқа үндейді. Діннің түп негізіне сүйенген діни ережелерді берік ұстануымыз – бірлігіміздің нығая түсуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады.  

Сұхбаттасқан: Л.Тілеубаева

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 лет назад 4232
1 комментарий
О блоге