Мұсылман адамның күнделікті жоспары қандай болу керек?

Әлемдердің Раббысы Алла Тағала бүкіл жаратылыстарын жаратып, оларды иләһи жүйе мен тәртіпке бағындырған.  Құранда былай делінеді:

وَآيَةٌ لَّهُمُ اللَّيْلُ نَسْلَخُ مِنْهُ النَّهَارَ فَإِذَا هُم مُّظْلِمُونَ

وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَّهَا ذَلِكَ تَقْدِيرُ الْعَزِيزِ الْعَلِيمِ

وَالْقَمَرَ قَدَّرْنَاهُ مَنَازِلَ حَتَّى عَادَ كَالعُرجُونِ الْقَدِيمِ

لاَ الشَّمْسُ يَنبَغِي لَهَا أَن تُدْرِكَ القَمَرَ وَلاَ اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ

«Оларға түн бір белгі. Одан күндізді ажыратамыз. Сонда олар, қараңғылықта қалады. Сондай-ақ күн белгіленген көлемінде жүреді. Міне осы аса үстем, әр нәрсені білуші Алланың өлшеуі. Тағы айдың орындарында өлшеп қойдық. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін. Күннің айға жетуі мүмкін емес. Және түнде күндізден ілгерлемейді. Барлығы көкте жүзеді»[1].

Алланың жаратылыстарының барлығы осындай жүйеліліктен тұрғанда, сол жаратыстарының ішіндегі ең көркемі деп танылған адам баласы өмірінде бейберекетсіздіктің орын алуынан аса сақ болып,  әр ісін тәртіп пен жүйеге негіздеуі тиіс. Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сыңды барлық істері жүйеден тұрады. Мысалға, намаз құлшылығын алайық. Намазға дайындалып дәрет алғанда әр ағза тәртібімен жуылады. Дәреттегі тәртіп біздің ханафи мазһабымызда сүннет деп танылса, шафиғи мен ханбали мазһабтарында парыз делінген. Намаз уақыты кіргенде азан айтылуы қажет. Азан намаз уақытынынан кешіктірілмейді әрі ерте де айтылмайды. Азанның өзінің арнаулы сөздері бар. Оған басқа сөздерді қосуға не белгіленген сөздерді алып тастауға болмайды. Намаздың өзі арнайы белгіленген уақытта,  белгіленген ракағаттарымен оқылады. Құлақ қағу мен басталып сәлеммен аяқталады. Ендеше намаздың өзі бастан аяқ тәртіппен жүйеден тұрады. Парыз намазындағы саптардың біркелкі болуына аса мән беріледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

سَوُّوا صُفُوفَكُمْ فَإِنَّ تَسْوِيَةَ الصَّفِّ مِنْ تَمَامِ الصَّلَاةِ

«Саптарыңды түзеңдер, өйткені, расында, сапты түзеу намаздың кәмілдігінің белгілерінің бірі болады»[2] -деп айтқан.Намаздағы сап аяқ ұштарымен бірқатар түзу әрі тығыз болуы шарт. Ибн Омардан келген хадисте былай делінген: 

أَقِيمُوا الصُّفُوفَ ، وَحَاذُوا بَيْنَ الْمَنَاكِبِ ، وَسُدُّوا الْخَلَلَ ، وَلِينُوا بِأَيْدِي إِخْوَانِكُمْ ، وَلا تَذَرُوا فُرُجَاتٍ لِلشَّيْطَانِ ، وَمَنْ وَصَلَ صَفًّا وَصَلَهُ اللَّهُ ، وَمَنْ قَطَعَ صَفًّا قَطَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ

Саптарыңда мұқият болыңдар, бір-біріңе иықтарыңды тигізіп тұрыңдар, араларыңдағы (бос орынды) толтырыңдар, бауырларыңның қолдарына жол беріңдер. Кім сапты толтырса, Алла оған сауап жазады, ал кім сапты үзсе, онымен Алла(мейірімін) үзеді [3]. 

Намазда ең бірінші болып имам, ал оның артынан ер адамдар, кейін балалар, соңында әйел адамдар тұрады. Имамға ұйып оқылатын намаздарда жамағат іс қимылдарында имамнан озып кетулеріне болмайды. Бұл турасында Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатаң ескертіп:

أَمَا يَخْشَى أَحَدُكُمْ أَوْ لَا يَخْشَى أَحَدُكُمْ إِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ قَبْلَ الْإِمَامِ أَنْ يَجْعَلَ اللَّهُ رَأْسَهُ رَأْسَ حِمَارٍ أَوْ يَجْعَلَ اللَّهُ صُورَتَهُ صُورَةَ حِمَارٍ

«Сендердің біреулерің имамнан бұрын бас көтерер болса, Алла оның басын есектің басына айналдыруынан не болмаса оның бейнесін есеккке

ұқсататып жіберуінен қорықпай ма[4] - деген. Ораза ғибадатына мән берер болсақ та, оразаның өзі айлардың ішінде белгіленген арнайы айда ұсталады. Ораза ұстаушы белгілі уақытта ауыз бекітіп, белгілі уақытта ашуы тиіс. Зекетті де нисап мөлшері жеткен адамдар, малдарының белгілі мөлшерін, арнайы уақытта береді. Қажылық ғибадаты да арнайы шарттармен белгілі уақытта, арнайы жерде орындалады.

Алла Тағаланың біздерге жүктеген ғибадаттарындағы осындай жүйелілікке негізделуі – біздер үшін үлкен тәрбие. Себебі мұсылман адамның бүкіл өмірі тәртіп пен жүйеден тұруы қажет. Дініміз Исламда қамтылған үкімдер адамдардың өмірін игілікке бастап, оны жүйелеп, ақ пен қараны ажыратуды үйретіп, шынайы бақытқа жол сілтейді. Жүрегіне иман ұялаған адам сөзі мен ісінен тек шындық көрініс табады. Алланың берген әр уақытын бағалап, оны пайдасыз істермен бос жіберіп алмауға тырысады.

Мұсылман адам өз өмірін жүйелеу үшін мына істерге мән бергені жөн:

 1. Мақсатты болу;

Мақсат деп, адам баласы қол жеткізуге ұмтылатын затты айтамыз. Ол тек арман не қиял ғана болып қалмай, мақсат мақсатқа жету үшін адам баласын ұмтылыс пен әрекетке алып келуі керек. «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме тәрізді» немесе «мақсатсыз адам – қанатсыз құсқа тең» деп айтылғандай мақсаты жоқ адамның өмірі де мәнсіз болмақ. Адамның арманы асқақ, мақсаты биік болған сайын, өміріне мән кіріп, әр ісінде ширақтық пайда болады. Аз ғұмыр кешсе де, елінің қамын ойлап кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз «Шәкірт ойы атты» өлеңінде:

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам?»,- деп өзінің мақсатының қаншалықты биік екендігін көрсетеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздердің мақсатымыздың қаншалықты биік болу керектігін хадисінде:

فَإِذَا سَأَلْتُمُ اللهَ فَسْأَلُوهُ الفِرْدَوْسَ

«Алладан сұрасаңдар, Фирдаусты сұраңдар»[5] ,- деп айтқан. Фирдаус болса жаннаттың ең жоғарғы дәрежесі болып табылады. Ендеше, адам өз алдына ұлы мақсат қоя білгенде ғана өміріне мән кіріп, жасайтын амалдары да соншалықты көркем болады. Алланың ризалығы мен жаннатына бөлену  адамның түпкілікті мақсаты болғанымен, адам баласы бұдан да басқа бұл өмірде алдына бірнеше нақты мақсаттарды қоя білуі қажет. Ол мақсаттар діни, рухани болуымен қатар дүниелік мақсаттар болуына да дінімізде тыйым етілмеген. Алайда мұсылманның дүниесінің өзі ақыреті үшін қызмет етуі тиіс.

2.Жоспар құру;

Жоспар құрудың маңыздылығын, біз Юсуф (а.с.) пайғамбардың елде қуаңшылық болып, егінсіз кезең келетінін білгеннен кейін адамдарға одан шығу үшін қалайша жоспар құрып бергендігін Құран аяттарынан байқауымызға болады. Ол турасында былай делінеді: «Юсуф айтты: «Жеті жыл ұдайы егін егесіңдер де сонда орған астықтан аздап бастырып алып, қалғанын сабағымен қоясыңдар (бұзылмас үшін). Ал содан кейін жеті жыл қуаңшылық болады, (сонда) бұрынғы жинаған астықтарыңды жейсіңдер, аз мөлшердегісін ғана (ұрыққа) сақтайсыңдар. Оның артынан жаңбыр мол жауатын жылдар келіп, адамдар жеміс шырынын сауатын болады» деді».

Адамның қойған мақсаттары қысқа мерзімді, орта мерзімді не ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Қысқа мерзімді деп отырғанымыз 1 жыл көлемнің ішінде жоспарланған, орта мерзімді дегеніміз 1 жылдан 5 жылға дейінгі жоспарланған мақсат. Ал ұзақ мерзімді деп 5, 10, 20 тіпті одан да ұзақ мерзімде қол жеткізуді көздеген мақсатқа айтылады. Адам баласының өмірлік мақсаттары анықталғаннан кейін олардың мерзімдерін белгілеп, сол мақсаттарға жетуі үшін қай уақытта не істеуі керектігін нақты ой елегінен өткізіп барып, кейін жоспар құрылады. 

3. Уақытты игеру: 

Мұсылман адам Алланың берген әр сәтін пайдалы іске жұмсауға тырысады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Көптеген адамдар екі нығметті бағалай білмейді: (ол) денсаулық пен бос уақыт»[6]-деп айтқан.  Өмірдің өзі уақыттан тұратынын ескерсек, уақытын пайдасыз істермен өткізген адамның өмірі де бос өтеді. Осы себепті де дүниеден өтер алдында көп адамдар уақытты жақсылық амалдарсыз текке өткізіп алғандығына өкініп, былай деп тілейтіндігі айтылған;

حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ لَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحاً فِيمَا تَرَكْتُ

«Олардың біріне өлім келе қалса: «Раббым (дүниеге) қайтара көр! Бәлкім мен қалдырған дүниемде жақсылық амалдар істерміндейді»[7].

Ақыреттен үміті бар әр адам өз уақытын бос істермен кетірмеуін жіті қадағалауы тиіс. Әсіресе, уақыттың жауы болған бос сөз, орынсыз қалжың, интернетте текке отыру сыңды т.б. пайдасыз істерден аса сақ болған жөн.

Мұсылман адам ондай пайдасыз істерден бас тартып, өзіне берілген әр уақытты өз алдына қойған биік мақсаттарына қол жеткізу үшін пайдалы әрі сауапты істерге жұмсай білуі қажет. Ғылымда уақытты үнемдеп, тиімді пайдалануды «тайм-менеджмент» деп атайды.  Тайм менеджмент – бұл уақытты басқару тәсілдері мен әдістерін зерттейтін менеджмент саласы.  Осы ғылым иелерінің айтуынша уақытты қадағалудың ең қолайлы жолы, күнделікті жиырма төрт сағатта істелінетін істерді бөліп, қағаз бетіне жазып қою. Әрі күнделікті таңертең бір күндік жоспарын қарап өтіп, күндіз сол жоспар бойынша амал етіп, ал кешке істелген істердің дұрыс-бұрысын саралап, өзіне есеп беру. Абай атамыз он бесінші қара сөзінде былай дейді: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?».

Уақытты жоспарлы түрде өткізу жетістікке жеткісі келген әрбір адамның әдеті болуы тиіс. Өйткені адам өзінің мақсатын біліп, әрі оған жету үшін әр сәтте не істейтінін білер болса, ол өмірін жоспарсыз өткізетін адаммен салыстырғанда көптеген оң нәтижелерге қол жеткізеді.  Әрі бұл адамды уақытты бос өткізбеуден, көп ұйқыға салынудан т.б. пайдасыз істерден шектейді.

Уақытты жоспарлап, оны қағазға түсіруде мынандай мәселелерге көңіл бөлген жөн:

Бірінші, бір күнгі атқаратын істерді алдын-ала жақсылап ойлап, ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп барып, қағаз бетіне түсіру;

Екінші, алдымен маңызды істерді алдыңғы жоспарға қойып, ал маңыздылығы төмендеу келесі күні де істеуге болатын, немесе кез келген бос уақытта атқаруға болатын істерді одан кейін жазыңыз;

Үшінші, атқарылатын істер тізіміне барлық істерді ұсақ- түйегіне дейін қалдырмай жазу қажет. Өйткені сол ұсақ деген істерімізге кейде уақыттың басым бөлігі кетіп қалып жатады.

Төртінші, Құрған жоспарды 100 % толық атқару көп жағдайда мүмкін болмайды. Әрі барлық өмірін қағаз бетіне түсірген адам кейде өзін бейне бір жоспардың құлы ретінде сезініп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да, істерді жоспарлауда ең дұрысы 70/30 қағидасына сүйенген жөн.  Өйткені, күнделікті өмірде адам жоспарламаған сәттер мен жұмыстар кездесіп жатады. Сол үшінде де әр бір жоспар құрарда бос уақытқа да көңіл бөлген жөн.

Бесінші, әр күні кешке келесі күннің жоспарын жазу қажет. Ал өткен күнгі атқарылған істердің үстінен атқарылғандын білдіретін белгі, не үстінен сызып тастаңыз. Құрылған жоспардың қанша пайызы атқарылғандығына  назар салып, өзіңізге өзіңіз есеп беріңіз.

Алтыншы, әр жазылған істің ішіне демалыс уақытын белгілеңіз. Мысалға 50 минут жұмыста 10 минут демалыс енгізу қажет. Бұл уақытты бос уақытты спорттық жаттығу, қоңырау шалу, керекті адамдармен  сөйлесу, отырған жерді жинау, көздеріңіз талса ұқалау сыңды істермен пайдалы етіп өткізуге тырысу қажет.

Жетінші, өзіңіздің күш жігеріңізден артық жоспар құрмаңыз. Кейде адам жоспарды тым ауыр етіп құруы себепті көбіне құрылған жоспар іске аспай қалып жатады. Жоспар нақты іске асыруға шамаңыз келетін істерден тұры қажет.

Күнделікті жоспардың қағаз бетіне түсірілуі шамамен мынадай болады:

Бұл мысал үшін берілген кесте. Әр адам өзінің күнделікте өміріне, жұмысына байланысты өзіндік жоспар құруы қажет. Түнгі уақыттарға «таһажжуд» намазын, «дұха» намазын, арнайы Құран оқу уақытттарын да қосуға болады.

Кейде адам кесте құрып, алайда кейбір шұғыл шыққан істерге байланысты кестеден кешігіп қалуы да мүмкін. Кейде кеш тұрып, кеш жатуға тура келетін кездер де болып жатады. Алайда қандай жағдай болмасын шамасы келген жерінен кестені жалғастыра бергені жөн. Жоғарыдағы кестеде жұмыс күніне арналған жоспар көретілген. Демалыс күніне де арнайы жоспар құру, сол күннің текке кетпей пайдалы істермен өтуіне себеп болады. Бұндай жоспарды жазуға дәптер, кез – келген парақша, блокнот сияқты заттарды пайдалануға болады. Тіпті компьютер мен ұялы телефондарда осыған арналған арнайы бағдарламалар да бар.

Алла Тағала баршамызға берген саналы ғұмырын екі дүниелік пайдасы бар істермен өткізуімізді нәсіп қылғай! 

muftyat.kz
Сайфуллин Думан Нәдірұлы,
Аякөз қалалық мешітінің бас имамы


[1] «Ясин» сүресі, 37-40-аяттар;
[2] «Рияду-с-салихин» (1087);
[3] «Рияду-с-салихин» (1091);
[4] «Рияду-с-салихин» (1751);
[5]
[6]  «Бұхари» (6412);
[7] «Муминун» сүресі, 99-100-аяттар;

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 лет назад 12649
0 комментариев
О блоге