Наурыз мерекесі мұсылманшылыққа қайшы ма?

Алты ай қыстан аман шығып, жер бетін әсемдікке бөлейтін Наурыз айы да келді. Көктемнің бұл күндерінде кешегі қыстан қалған жердің тоңы жібіп, бәйшешектер гүл атады. Наурыз - шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы.

Сондай-ақ, наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің,  бақыттың мерекесі. Сол себепті шығыс халықтары да наурызды жыл басы мерекесі ретінде тойлап, ерекше күн ретінде атап өтеді. Парсы тілінде "нау" - "жаңа", "руз" - "күн" деген ұғымдарды білдіреді.

Санаулы күндерден кейін халқымыз Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын мерекелеуді бастайды. Қазақ халқы да сан ғасырдан бері Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. Тіпті, сонау көне кезеңнен бері қазақ ұлан байтақ даласында наурызды халықтық мереке ретінде кеңінен тойлап келген. Наурыз күн мен түн теңелетін, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Сол себептен де табиғаттың тылсымын, ғалам ғажайыптарын терең түсінген ата-бабаларымыз бұл күнді жыл басы деп есептеген.

Бұл күндері барша халық шаттанып, қуанып, өзара мейірленіп жатады. Жақсы тілегін білдіріп, құттықтасады. Ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрап, татуласады. Халқымыздың бұл күнді аңсап күтуі әрі ерекше әзірлік жасауы да адамды әдептілік пен өнегелікке, бауырмалдық пен көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баули түсуінде болса керек.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі ағайындардың көрісумен басталады. Бұл дәстүр кейбір өңірлерімізде ұмытылып кеткен болса да, батыс өңірінде әлі де жалғасымын тауып келеді. Яғни, таңның атысымен көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала әзірленген дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттілерін қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, аман-есен жеткеніне шүкіршілік білдіріп, көрісіп шығады. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, сәлемін беріп көрісу дәстүрін осылай жалғай түседі.

«Ұлыс күні кәрі- жас,
Құшақтасып көріскен», - деген жолдар осыны айғақтай түссе керек. Ертеде наурыз тойы қарсаңында жігіттер «Бұлақ көрсең, көзін аш», деп қаумаласып, бұлақ-бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген бастамамен қариялар жағы сауапты істердің ұйытқысы бола білген екен. Осылайша Наурыз мейрамында көшелер мен алаңдарға тал-теректер отырғызылады. Мұндай игілікті іске кәрі де, жас та қатысып, ынтымақ-бірлігін көрсете түседі. Наурыз мейрамында ұлттық ойындарда назардан тыс қалмайды. Қазақша күрес, Көкпар, Арқан тартыс, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Бағанға өрмелеп, жүлде алу секілді жарыстар да жалғасымын табады.

Наурыз мерекесіне тән нәрсе көпшілікке арналып наурыз көже даярланады. Наурыз көжеден бір шаңырақтан түлеп ұшқан ағайындармен қатар, тума-туыс, көрші-қолаң дәм татып, ырзықты берген Аллаға шүкір етіп, алдағы жылдың да ырысының мол болуын тілеседі. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген жақсы ұғым да осындай шүкір амалынан қалыптасса керек.

Міне, көктем мерекесінде осындай адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнегесімен ізін сала түседі. Сонан болар, наурыздың тәлім-тәрбиелік нышан белгілері мен таным  ұғымдарының алар орны халқымызда ерекше. Шынында Наурыз шариғи мерекеміз емес, ол халықтық мереке. Мұны ешқашан шатастырмауымыз керек. Себебі, кейбір дін ұстанған жандар Наурыз мерекесін бұрысқа шығарып, тойлауға тыйым салып, әртүрлі алып-қашпа пікірлер айтып қалады. Әйтсе де, әрбір ұлттың діні мен салт-дәстүрі, ұлттық мерекелері барын да ескеруіміз қажет.  

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлының осы мәселеге қатысты берген жауабын да бере кеткенді жөн көрдім.

Пәтуада: «Көшпенді қазақ өркениетіміздің ұлттық нышандарының бірі – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі – зороастризм сенімінде болған парсы елінің тілінен ау-дарғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризммен, отқа табынумен, ал кейбір тарихшылар Парсы патшалығының жорықтарымен байланыстырады. Зороастризм сенімі бойынша жақсылықтар жарықтан, жамандықтар қараңғылықтан бастау алады.

Наурыз мерекесін осы айдың  22 күні тойлауының себебі, жамандықтың бастауы түнгі қараңғылықтың жіңішкеріп, күндізгі жарықтың ұзаруы, зороастризмдегі жарықтың жақсылықтың бастауы ретінде көрініс тапқан. Бұл сенімде от жарық көзі саналып, ерекше құрмет көрсетілген. Наурыздың 21 күні отты алаулатып жағып, жаңа жылды қарсы алған. Қазіргі күнде де парсы тектес ұлттар Наурыз мейрамында отты жағып, пәле-жаладан тазару ретінде үстінен секіріп жатады.

Ал, біздің ұлтымыздың Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағуды үрдістен үзген. Себебі, отқа табыну Ислам сенімі бойынша Аллаға серік қосу болып табылады. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы – діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Ал Ислам дінінде негізгі мейрам Ораза айт пен Құрбан айт болып саналады.

Наурызды бұрынғы парсылардың сеніміндей етіп тойлау Ислам дініне қайшы. Біздің қазақ халқымызға Ислам діні сонау Қарахан мемлекеті кезінен енгені анық. Наурыз мерекесі қазақ елімен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» деген дәстүр бар. «Көрісу» дәстүрі наурыздың 14-де тойланады. Бұл дәстүр бойынша қыстың көзі қырауда, шаруаның жайымен жүріп қалған ағайын көктем шығып малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады.

«Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің Исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тасталған.

Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар тартып, ат шаптырып, балуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты…», – деп айтылған. Біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу», - делінген.

Иә, «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» деген даналық сөз бар. Демек қай халықтың болмасын ұстанған салт-дәстүрлерінен ұлттың мінез-құлқын аңғаруға болады. Наурыз мерекесінен қазақтың да кеңдігі мен дархандығы, даналығы мен даралығы, қонақжайлығы мен жомартығы байқалып тұрады.

Сондай-ақ, наурыз мейрамынан мұсылманшылыққа тән амал-әрекеттерді де көптеп кездестіре түсеміз. Мәселен, наурыз мейрамындағы көрісіп сәлемдесу, бұлақтың қөзін ашып, тал егу, ас пісіріп, қонаққа ұсыну, ат шаптырып, күресу т.б. мұның барлығы шариғатқа қайшы дүниелер емес екенін жақсы білген жөн. Сол үшін де ұлтты ұйыстыратын халықтық мерекелерімізге, ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тұрмауымыз керек. Дәстүрдің дұрыстығы дініміздің тірегіне айналарын да бір сәт жадымыздан шығармағанымыз абзал.  

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 лет назад 3343
0 комментариев
О блоге