Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 4 - Сөз салу және некеге отыру

Болашақ ерлі-зайыптылар мен құдалар арасында өзара танысу мен мәмілеге келу секілді ғұрыптарынан бастау алып, екі жас арасында махаббат сезімінің оянуына түрткі болатын сөз салу рәсімі исламда сүннет амалдарына жатады. Алайда сөз салу рәсімінде жігіт пен қыз некелесеміз деп мәмілеге келіп жатса, сосын белгілі жағдайларға немесе себептерге байланысты екі жақтың бір-біріне деген көңілдері өзгеретін болса, онда бұл уәденің мін-детті түрде атқарылуына шарт қойылмайды.

Екі жақтың некелесу турасында бекіткен келіссөздерінің ұзақтығы қаншалықты болуына хадистер шек қоймады. Бұл істің қалай және қашан болатынын шариғат екі жақтың еркіне тапсырады. Некеге бірнеше күннен кейін отыра ма, әлде бірнеше аптадан кейін бе, әлде бірнеше айдан кейін бе, тіпті бірненше жылдан кейін бе, оны өз жағдайларына қарап келісе жатады. Бұл хабарды неке рәсіміне дейін құдалар өз арасында ғана сақтай ма, әлде туысқандары мен көршілеріне де жеткізе ме, оны өздері біледі, ең маңыздысы екі жақтың мүддесіне келіссөздің жақсылықпен аяқталуы.

Осы аралықта екі жақтың бір-бірлерін жақсырақ танып, байланыстарының жараса түсулері мен махаббаттарын арттыра түсетін кейбір нәрселерді айтқанымыз жөн: 

Бір-бірінің хал-жайларын біліп тұрулары

 

Пайғамбарымыз (ﷺ) айтады: «Кім Алла үшін науқас адамға барып, көңілін сұраса, немесе бауырының жағдайын білсе, бір періште оған: «Әрдайым жақсы бол және жорытқанда жақсылыққа жолық, сондай-ақ жәннаттан жақсы орын тап»-деп дауыстайды»[1].

Бір-бірлерінің хал-жайларын біліп тұрулары арқылы табиғаттары мен көзқарастарын тереңірек тани түседі. Мұның бәрі шариғат ережелеріне сай жасалады. Әңгіме барысында қыз баланың туыстарынан біреу (анасы немесе әпкесі) болуы қажет. Адам баласының әлсіз табиғаты үшін қам жейтін шариғат екеуінің оңаша қалуына тиым салады. Көзқарастары мен өмірдегі мақсаттарының ақиқаты айқындалуы үшін, екеуі әртүрлі мәселелерді әңгіме етуіне болады, діндеріне қатысты тақырыптарды, елдегі және әлемдегі жаңалықтарды, келелі мәселелерді қозғап, пікір алмасуларына, жұмыстары жайлы, отбасы бақыты мен бала тәрбиесіне қатысты да бір-бірінің ойларын білулеріне болады. Ислам әдебінің шеңберінен шығармайтын әңгіме әуеніне түсіп кетулерінде ешқандай айып жоқ.

Бір кемпір пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Әй, Алланың елшісі, мені жәннатқа кіргізуін сұрап, Алла Тағалаға дұға етші»-дейді, ол: «Әй, пәленшенің анасы, расында, жәннатқа кемпір кісі кірмейді ғой»-дейді, мұны естіген кемпір жылаған бойы кері бұрылып кете береді. Сонда пайғамбарымыз (ﷺ) оған былай дейді: Оны қуып жетіп, жәннатқа кемпір күйде кірмейсіз,-деп хабар беріңдер, өйткені Алла Тағала құран кәрімде былай деген: «Әлбетте, оларды қайтадан жаратамыз. Пәктігі сақталған қыздар етеміз. Ерлеріне ғашық болған, жастары бірдей арулар етеміз»[2].

Осылайша, бір-бірлерінің хал-жайларын сұрасқанда екі жақтан да пайғамбарымыз айтқандай, ұстамдылық пен орташалық талап етіледі: «Істердің ең жақсысы - орташасы»[3]. 

Бір-бірлеріне сыйлық тартулары

 

Сыйлықтың құндылығы  бағасында емес, маңыздылығында. Бір-бірлеріне сыйлық тарту арқылы екі жақтың жүректері жақындап, көңілдері жараса бастайды бастайды, нәтижесінде бақытты отбасының құрылуына жол ашылады. 

Өзара махаббаттарын сездіртулері

 

Бір кісі пайғамбарымыздың (ﷺ) қасынан тұрып кеткен соң, оның қасына басқа кісі келіп: «Әй, Алланың елшісі, мен анау кісіні жақсы көремін»-дейді. Сонда ол (ﷺ): «Сен оған бұны білдірдің бе?»-деп сұрайды, ол: «Жоқ»-деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бар да білдір!»-дейді. Ол ана кісіні қуып жетіп: «Мен сені Алла үшін жақсы көремін»-дейді, ол да: «Мені Алла үшін жақсы көргеніңдей, Ол да сені жақсы көрсін»-дейді[4].

Бір-біріне деген махаббаттарын білдірулері арқылы, екі жақ арасындағы махаббат сезімі сақталып қана қоймай, тіпті одан әрі күшейе түседі. Некелесуге дейінгі аралықта бір-бірлерін жақсы көретіндігін білдіру дегенімізде екеуінің арасында пайда болған байланыстың үзілмеуін тілейтін көркем сөздердің айтылуы, сондай-ақ әркім өзінің өмірлік сыңарын енді тапқандығын білдіруі көзделеді.

Бұл нәрсені білдірудің еш айыбы жоқ, өйткені Амр ибн ал-Ас, Алла оған разы болсын, Алланың елшісінен (ﷺ): «Адамдардың ішінде сізге ең сүйіктісі кім?»-деп сұрағанында, ол (ﷺ): «Айша»-деп жауап береді, ол: «Ал ер адамдардан кім?»-деп сұрағанында, ол (ﷺ): «Оның әкесі»-дейді[5]. Осылайша пайғамбарымыз (ﷺ) адамдарға әйелін жақсы көретіндігін және өзіне ең сүйікті адам екенін білдірген еді. 

Екі тараптың үйленуге дайындалуы

 

Үйленуге дайындалу кезеңінде қыздың жұрты екінші жаққа үлкен талаптар қойып, көп күш салмағаны абзал. Өйткені қалың малға қызығып, бір-біріне разы екі жастың жолын байлап қоймауы қажет. Өйткені балаларының иманды отау құруы - бірінші орында тұрған мәселе, ал екінші орындағы қажеттіліктер бірте-бірте өз орындарын табады. Осыған қатысты Алланың елшісі (ﷺ) былай деген еді: «Үйлену тойларының қайсысы жеңіл азық-түлікпен қамдалған болса, сонысының берекеті мол болады».

Асылында, барлық міндеттерді шариғат ер адамның мойнына жүктейді, Алла Тағала айтқандай: «Балалы болған әкелер, (оны емізген) әйелдерін тамақтандыруға және киіндіруге міндетті» («Бақара» сүресі: 233). Егер ел ішінде қалыптасқан әдет-ғұрыптарға сай, жастардың отау тігу қарсаңындағы қиыншылықтарды екі жақтап көтеретін болса, мысалы, үй мәселесі күйеу баланың жұртынан, ал жабдықтар қыз баланың жұртынан келіп жатса, ислам бұны қолдамаса, теріске шығармайды. Бұндай әрекетке пайғамбарымыздың (ﷺ) мынадай хадисі қызықтыра түседі:«Құлдың бауырына деген жәрдемі тоқтамаған сайын, Алланың құлына деген жәрдемі еш тоқтамайды»[6].

Алланың елшісі (ﷺ) Фатима қызын Әлиге ұзатқан кезде, Алла Тағала екеуіне де разы болсын, барқыттан тігілген көйлек, мес және былғары жастық секілді нәрселерді дайындайды[7].           

Әрине, кім бұдан көбірек нәрсе беруге мүмкіндігі жетсе, ислам оған шек қоймайды. Бұл жайында Алла Тағала құран кәрімде былай дейді: «Ауқатты кісі баршылығына сай жұмсасын, ал кімдікі өлшеулі болса, Алланың бергенінен ғана жұмсасын. Алла ешкімге бергенінен артық нәрсені жүктемейді, сондай-ақ Ол қиыншылықтан соң жеңілдік тудырады» («Талақ» сүресі: 7).

Бұл іске үлес қосқан әркім ниетіне қарай сауапқа ие болады, пайғамбарымыз (ﷺ) айтқандай: «Шындығында, іс-қимылдар ниеттермен байлаулы»[8]. Болашақ ерлі-зайыптылардың отау тігудегі ұлы мақсаттары толығымен алғашқы қадамдарына тәуелді болады. Екеуі міндетті түрде өздерінің ниеттеріне үңіліп, тексеруден өткізбесе болмайды. Өйткені олар бұл некелерімен жан дүниелерін арам жолдан сақтап, таза әрі адал жолдың рахатына аяқ басады, сөйтіп салиқалы қоғамның бой көтеруіне дән шашатын салиқалы мұсылман отбасын аяғынан тұрғызады.

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Ат-Тирмизи жеткізді
[2] Ат-Тирмизи жеткізді
[3] Әл-Байһақи жеткізді
[4] Әбу Дәуд жеткізді
[5] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[6] Мүслім жеткізді
[7] Әл-Байһақи жеткізді
[8] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 лет назад 3164
0 комментариев
О блоге