Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 7 - Бір-бірлерін жақсырақ танып білу

Ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезін, ұстанымын, көзқарасын неғұрлым жақсырақ таныған болса, солғұрлым бір-бірінің көңілін табуға бейімделгіш келеді.

Бір-бірінің жан дүниесін түсінулері мен қателіктерін кешірулері арқылы екі жақтың бойындағы жаман қылықтар бірте-бірте сейіліп, орны жақсы қасиеттерге толады. Әрине, бұл үшін екеуі де аянбай еңбек етулері керек.

Олардың жағымсыз жақтары әрдайым араларында ғана қалуы қажет, сондай-ақ оларды сырт көздерге ашпай, адал насихаттың рухымен, өз араларында ғана емдеулері дұрыс болады. Осының нәтижесінде, екеуінің жан дүниесі бір-бірінен адалырақ және жақсырақ жанашыр табылмайтын дәрежеге жетеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Олар сендерге  киім, сендер оларға - киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят).

Екеуінің арасында, қолдан келгенше бір-бірінің бойындағы қасиеттерден танып білмеген ешнәрсе қалмауы қажет, нені жақсы көреді, нені жеккөреді, қандай нәрсе қуантады, қандай нәрсе көңілін қалдырады, қандай нәрсе ашуын келтіреді.

Әбу Дарда (р.а.) әйеліне (р.анһа.) былай деген екен: - «Егер мен ашуланған болсам, көңілімді тауып риза ет, ал егер сен ашуланған болсаң, мен сені риза етемін, әйтпесе екеуміз бір-бірімізге серік бола алмаймыз».

Алланың елшісі (ﷺ) Айша анамызға (р.анһа.) былай дейді: «Сенің маған риза болып тұрған кезіңді де, ашуланып тұрған кезіңді де, әлбетте, мен білемін», ол: «Оны қайдан білесің?» - деп сұрадым, ол: «Маған риза болсаң: Жоқ, Мұхаммедтің Раббысымен ант етемін,-дейсің, ал маған ашулы болсаң: Жоқ, Ибраһимның Раббысымен ант етемін,-дейсің» - деді, сонда Айша анамыз (р.анһа.): «Әй, Алланың елшісі (ﷺ), Аллаға серт, расында да солай. Ашуланған кезімде сенің атыңды айтпай қоятынмын»[1].

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Фатхул-Бари

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 лет назад 3166
0 комментариев
О блоге