Бір тамшы әлсіз судан - қабірдегі жансыз тәнге дейінгі ӨМІР
Бір тамшы әлсіз судан - қабірдегі жансыз тәнге дейінгі ӨМІР

Сен бір уақыттарда ешнәрсе емес едің, себебі Сен әлі бұл дүниеде мүлдем жоқ едің... «Адам баласы әуелде Біздің оны жаратқанымызды есіне алмай ма? Ал, ол ешнәрсе болмаған еді». («Мәриям» сүресі, 67-аят).

Әкеңнің белінде су болдың. Кейін аналық жасушаға енген 250 млн. ұрықтың ішінен жалғыз өзің бөлініп қалдың: «Әрі Ол адамның (Адам атаның) жаратылысын лайдан бастады, кейін оның ұрпағын әлсіз (елеусіз) судың тамшысынан жасады» («Сәжде» сүресі, 7-8-аяттар).

⚪ Ана құрсағындағы СЕН

Анаңның құрсағында жалғыз жасуша болып жаттың. Тұз түйіріндей титтей кезіңде шамасыз, шарасыз, қорғауға мұқтаж халде едің. Аз уақыттан кейін жарылып, екі жасушаға айналдың. Тағы екіден бөлініп, төртеу, сегіз, он алты... Осылайша көбейе бердің. Содан кейін ғана бір кесек етке айналдың. Бірте-бірте бір бейнеге келдің. Сөйтіп, қолың, аяғың, көзің жетіле бастады. Алғашқы жасуша кезіңнен 100 млрд. есе үлкейдің, 6 млрд. есе ауыр тарттың: «Адам баласы өз бетімен қараусыз, бос қалдырыламын деп ойлай ма?! Ол төгілген мәниден (ұрық сұйығынан) бір тамшы емес пе еді?! Кейін ол ұйыған қан болды. Сөйтіп оны жаратып (тұла бойын үйлестіріп) теңестірді. Әрі одан екі жыныс: ер және әйел жасады» («Қийама» сүресі, 36-39-аяттар).

⚪ Айнадан кімді көрдің?

Айнаға қарашы «Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзік болған себепті, керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қорғауы үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, жақсы ән – ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не қатты, не тәтті, не ащы, не тұщы, қай дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік?» (Абай Құнанбаев жиырма жетінші қара сөзі).

⚪ Сенің бейнең көркем...

Беріпті дейміз-ау... Кім беріпті? «Ол (Алла) сені жаратты, теңестірді және түзулеп, Өзі қалаған бейнеде сені құрастырды» («Инфитар», 7-8-аяттар), «Ақиқатында, адамды көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят).

Ойланшы, біреуде көз жоқ, ал енді біреуі есту қабілетінен мақрұм. Бұл – Оның Раббылық сипаты. Қалағанына береді, қалағанынан тосады. Бірақ, Ол дәл саған осы нығметті қалады. «Әрі Алла сендерді аналарыңның қарнынан (құрсағынан) еш нәрсені білмейтін күйлеріңде шығарды және алғыс білдірулерің үшін есту, көруді және жүректерді берді» («Нахл» сүресі, 78-аят).

Бұғанасы қатпаған сәби болдың, жалындаған жастық шаққа жеттің. Қартаясың, қауқарың кетеді. Әлсіз қалпы қалып қоясың: «Алла, Ол сондай, сендерді әлсізден жаратты, содан кейін әлсіздіктен кейін қуат берді, одан кейін күш-қуаттан соң әлсіздік беріп, сақал-шашқа ақ түсіреді. Ол Өзі қалаған нәрсесін жаратады. Ол – әл-Алим (бәрін Білуші), әл-Қадир (барлық нәрсені Жасай алушы)». («Рум» сүресі, 54-аят).

⚪ Санап көресің бе?

Осы аралықтың әрбір миллисекундында саған қамқор болған. Бір күнде 48 мың рет ішке-сыртқа дем шығаруыңды, жүрегіңнің тәулігіне 100 мың рет соғуын қадағалаған, ризық берген, махаббатына шомылдырған бір Құдірет бар. Ол – Алла. «Әрі сендердегі кез келген (барлық) игілік – Алладан», («Нахл» сүресі, 53-аят), «Менің мейірімім барлық нәрсені қамтиды» («Аъраф» сүресі, 156-аят), «Ол сендерге сұрағандарыңның барлығын берді. Алланың игіліктерін (нығметтерін) санайтын болсаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар. Негізінде, адам баласы тым әділетсіз, тым шүкірсіз (Алланың берген игіліктеріне алғыс білдірмейді)» («Ибраһим» сүресі, 34-аят).

Келесі аялдама – өлім. Таусылдың. «Әрбір жан өлім дәмін татады» («Әли-Имран» сүресі, 185-аят).

Бір тамшы әлсіз судан – қабірдегі жансыз тәнге дейінгі өмір осы, достым! Бар болғаны екі парақ. Осы бір қамшының сабындай қысқа ғана өмірде таласады екенбіз, мақтанады екенбіз, тәкаппарланып шаттанады екенбіз. Алғашында ана құрсағынан шыққанымызда 3 кг ғана тартатын шақалақ едік, сосын шамамен 70-80 кг болып ет күйінде, бір арзымайтын ақ матаға орап, топырақ астындағы қараңғы қабірге қояды екен. Ойланшы...неліктен Раббыңның саған құрандағы баян еткендеріне құлақ асқың келмейді? Сені не тосуда? Сені не арбауда?

Берік АрғынбекұлыБерік Арғынбекұлы
9 жыл бұрын 6088
0 пікір
Блог туралы